Алматы қаласы Білім басқармасының
"Әл-Фараби атындағы
№145 Гимназия"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(727) 242-53-23
Есепші бөлімі:
+7(727) 249-90-46
Нашар көрушілер
нұсқасы
» » » «Өнерлі ұрпақ – кемел болашақ» өнер сайысы
25
февраль
2022

«Өнерлі ұрпақ – кемел болашақ» өнер сайысы

«Өнерлі ұрпақ – кемел болашақ» өнер сайысы

Мақсаты:

1.Қазақ халқының мол қолөнер үлгілерімен таныстыра отырып, халық өнерін қастерлеуге, үлгі тұтуға үйрету. Оқушыларды әсемдікті тани білуге баули отырып, эстетикалық ой өрісін дамыту, адамгершілікке тәрбиелеу.

2. Оқушылардың білімі мен жан жақты ойлау қабілеті мен ой ұшқырлығын сынау. Көркем еңбек пәні бойынша алған білімдерін дамыту, шығармашылыққа баулу, өз ойын еркін жеткізе білу дағдыларын қалыптастыру, жан жақты дамыған азамат тәрбиелеу,

3. Оқушыларға бейнелеу өнерінің қыр-сырын жан-жақты үйрету. Олардың дүниетанымын, эстетикалық талғамын кеңейту. Сурет салу дағдысын, логикалық ойлау, еске түсіру, елестету қабілеттерін және шығармашылығын арттыру. Өнерді құрмет тұту, оған сүйіспеншілігін арттыру. 

Түрі: дәстүрлі емес

Әдісі: топтық сайыс, сұрақ-жауап, топпен жұмыс, құрастыру, тақырыпқа сурет салу. 

Көрнекілігі: Интерактивті тақта, компьютер, өнер жайлы нақыл сөздер, слайдтар, құрастырма суреттер.

Құрал-жабдықтар: плакат, ватман. А3 пішімі, қарындаштар, қайшы, желім, акварель бояулары, қылқалам, балға, балта, ара, шеге, ағаштар, т.б

«Өнерлі ұрпақ – кемел болашақ» өнер сайысың өтілу барысы

«Өнер десе өртеніп жанып тұрар,

Сусындап сол өнерден қанып тұрар.

Сегіз қырлы, бір сырлы сайыскерлер қош келдіңіздер өнер сайысымызға» дей отырып, оқушыларды ортаға шақырамыз.


Топқа бөлу. Оқушыларға «Өнер дегенде көздеріңнің алдында қандай бейне пайда болады немесе ойларыңызға қандай сөз келеді ?» деген сұраққа жауап алу арқылы топқа бөлу (оқушылардың болжамды жауаптары: шабыт, қиял, эрудит, шеберлік, өрнек, қолөнер, т.б)


Сайыскерлердің өнерлерін, білімдеріне және шеберліктеріне баға беруші әділқазылар алқасымен таныстырып өтеміз.

1. Койбагарова С.С. – директордың оқу – ісі жөніндегі орынбасары

2. Канатбаева С. К. – көркем еңбек пәнінің мұғалімі

3. Ибраимова Г. И. – көркем еңбек пәнінің мұғалімі


Уа халайық, халайық

Бәріңе жар салайық.

Бүгінгі кеш төрінде

Шеберлердің елінде

Шеберлердің тілінде

Көңілді кеш жасайық.

Ат салысып аянбай

Бар өнерге басайық.


Өнерпазды жарау аттай баптасын,

Халқымыздың асыл мұрасын сақтасын.

Өнерімен танылып бүлдіршіндер,

Ел сенімін еңбекпенен ақтасын, – деп сайыстың кезеңдерімен таныстырып өтеміз


I кезең

«Оюы көптің өрнегі көп,

Өрнегі көптің ермегі көп» 

Топта ою өрнектен композиция құрастыру.

II кезең. «Зергерлік өнер – зерделі өнер»

Теориялық сұрақтарға жауап беру

III кезең: 

«Ағаш өңдеу» 

Үй тапсырмасы

IV кезең: «Ғажайып сурет, көркем еңбек әлемі» 

Сурет салу

V кезең: «Жорға» сайысы.

Блиц сұрақтарға топпен тез жауап беру.

VI кезең. 

Жұмбақ шешу.

VII кезең

Музыка.

«Өмірдің өзі ән мен күй...»


I кезең

«Оюы көптің өрнегі көп,

Өрнегі көптің ермегі көп» 


Ою-өрнек – тұрмыста бір бұйымның бетін әшекейлеу үшін қолданылатын нақыш өрнек. Заттың бетін өрнектеу үшін ісмерлер әртүрлі тәсілді қолданылады.

Ою-өрнек үлгісінде әр халықтың ерекшеліктері, халықтық келбеті айқын танылады. Халықтың бізге жеткен ою өрнек үлгілері – бай мұра, сарқылмас қазына.

Қазақ қолөнерінде ою -өрнек өте кеңінен қолданылады.  Халық шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдарының ою өрнекпен безендірілмегені өте аз кездеседі.

Өрнекті бекерден бекерге сала бермеген, әр өрнектің өзіндік мағынасы бар

«Ою- өрнек түрлері» туралы қысқаша шолу.

 




«Ою- өрнек түрлері» туралы қысқаша шолу.


«ҚОШҚАРМҮЙІЗ» ою -өрнегі қойдың төбесі мен екі жаққа иіріле түскен мүйіз бейнесінде келіп, оның қолтық тұсынан қойдың құлағын долбарлайтын тағы бір шолақ мүйіз тірізді екі буын шығып тұрады. Одан байқаған адамға қошқардың тұмсық бейнесі аңғарылады. Текемет, сырмақ, басқұр, алаша, кілем, былғары, сүйек, ағаш, зергерлік бұйымдардың барлық түрлерінде кездеседі.


«ГҮЛ» ою-өрнегін кестерлерден, өрме шилерден, сүйек пен ағаштан жасалған бұйымдардан жиі көреміз. Бұл өрнек түрі омыртқаның түрін тұспалайды, ол әр түрлі үйлесімде түрленіп, ою композициясының ортасына және жиегіне қолданылады.


«ҚҰСТҰМСҰҚ» бұл өрнек құстың тұмсығын тұспалдаудан туған. «Құстұмсық» тармақты мүйіздер мен сызықтардан құралады. Ою-өрнекті қиғанда ортасындағы сызықтың ұшының басы құстың тұмсығына ұқсас қиылады. «Құстұмсық» жүзік немесе «топсалы» сәлемдеме ретінде, жүзігі туыстар арасында дәнікер қызметін атқарған. Тұрмысқа шыққан қызынан орамалға түйілген құстұмсық жүзік келсе, ата-анасы қуанып  көршілерін шақырған. Құс бейнесі халық түсінігінде азаттықтың белгісі. Жүзіккке қарап ата-анасы қызының ұзатылған  жерінің жақсы екендігін біледі.


«ТҰМАРША» ою-өрнегі үшбұрыш үлгілес болып келеді. Үш гүл, үшбұрыш-осындай тұмарлар тіл-көзден сақтау үшін адамдарға ғана емес, үй жануарларына бойтұмар ретінде де тағылады. Кілем бұйымдарының жиегін, киіз, кілем, текеметтің орта тұсын көмкеруде кездеседі.


ЖЫЛАН», «ЖЫЛАНБАС» ою-өрнегі балалардың тақиясына «көз тимесін» деп тағатын, жыланың бас сүйегіне ұқсас ою-өрнек. Бұл ою-өрнек жыланның бейнесін тұспалдап тұрады.



№1 тапсырма. Топта ою өрнектен композиция құрастыру.Техника: аппликация Қажетті материалдар: түрлі – түсті қағаз, қайшы, трафарет, желім. Критерийлер: түстік шешім, орындалу техника, ою – өрнектің фонға үйлесімділігі мен пропорциялық қатынастары. 



II кезең. «Зергерлік өнер – зерделі өнер»

Теориялық кезең






«Үй іші қарсақ, түлкі, құндыз, жанат

Зер тоқып, күміс шауып, ойған жанат» (І. Жансүгіров)


«Зергер адам – зерделі адам» дегендей бұл өнер кез-келген адамға дари бермейді. Зергерлік ерте заманнан келе жатқан өнер. Зергерлер сән-салтанат бұйымдарын, жүлдеге, сыйға беретін неше түрлі әшекей жасайды.


Зергерлік әшекей бұйымдар түрі.


Жүзік, сақина. Әйелдердің саусақтарына тағылатын зергерлік бұйымдардың бір түрі – жүзік немесе сақина деп аталады. Зергерлер алтыннан, күмістен құйып, қақтап, соғып, шекемелеп, қара ала жүргізіп шиыршық темірден торлап, небір тамаша өрнектер салып, асыл тас қондырып алуан түрлі жүзіктер жасаған. Олар жасалу түрі мен қолдану ретіне қарай отау жүзік, құсмұрын жүзік, тасбақа жүзік т.б деп аталған.


Шолпы, шаш теңге. Бұл бұйымдарды қыз-келіншектер шаштарының ұшына тағады. Шаш теңгелер мен шолпылар әсем шиыршықталған күміс үзбе бауларға бекітілген тоғыз  теңгеден тұрады. Тоғыз – қазақ ұғымында киелі сандардың бірі. Олар бір-бірімен ұзыннан ұзақ жалғасып, шаштың ұшына бірге өріледі.


Шашбау да бір-біріне сым үзбелер арқылы бекітіледі. Орталарына асыл тастардан көз қондырылған теңгелер тізбегінен құралады. Ұшы сәнді шашақпен, күміс әшекейлермен әсемделеді. Шашбау шаштың түбіне бекітіліп, бұрыммен бірге салбырай төгіліп тұрады.


Білезік – сыңар қолға да, қос қолға да тағыла береді. Бірнеше бөлшектен құралған, ашпалы-жаппалы, сом темірден тұтас құйылған жұмыр түрлері болады. Соған орай оларды сом білезік, жұмыр білезік, бес білезік т.б деп әртүрлі атайды. Олардың ішінде шынжырмен жалғасып жататын бірнеше жүзігі бар білезіктер де кездеседі. Оларға неше түрлі өрнектер салып, тас қондырып, қарала жүргізіп, сіркелеп, бұрала ширатып әсемдеген. Олар көбіне күмістен соғылады.


Сырға. Қаз-келіншектердің аса сүйіп тағатын әсемдік бұйымдардың бірі – сырға. Қазақ зергелері жасайтын ай сырға, тас көзді сырға, күмбез сырға, салпыншақ сырға, сабақты сырға, шашақты сырға деп әр өңірде алуан түрлі аталатын сырғалардың түрлері өте көп.


Қапсырма – бір-біріне топса арқылы бекітілетін екі бөліктен тұрады. Олар үш бұрыш, сүйір, доға тәріздес әр түрлі пішінде болады. Қапсырманың бетіне аң-құстың, ай мен күннің немесе өсімдік тектес өрнектер салынып, тастар қондырылып әсемделеді.


Алқа. Оны өңіржиек деп те атайды. Алқалар бір-біріне шығыршық арқылы жалғасады және бірнеше төрт бұрышты әшекейлерден құрастырылады. Әр әшекейдің ортасына, жиектеріне асыл тастар орнатады.

  • Зергерсіз болса – зер мұңлық
  • Ер қадірін ерлер біледі,

Зер қадірін зергер біледі.


№2 тапсырма. Теориялық сұрақтарға жауап беру.

III кезең: 

«Ағаш өңдеу» 

Шеберлінің қолында,

Кәсіп болған бұл ағаш.

(Қашаған жырау)


«Қолөнер – сырлы өнер»,  демекші ағаш өңдеу арқылы шеберлер түрлі ұлттық ғажайып дүниелер жасаған. Қазақтың ағашты өңдеп, пайдалануы ең алдымен оның көшпенді өмір салтының қажетін өтеуге байланысты болған. Киіз үйдің сүйегі мен есігі, босағасы мен керегесін  ағаштан жасаған. Сонымен қатар үй жиһаздары, ас бұйымдарын пайдаланып өрнектеп жасаған.

Дегенмен ата-бабамыз ағашты киелі деп санап,  жөн жосықсыз құрта бермеген. Табиғатты аялап, экологиялық тепе-теңдікті сақтап отырған. 

Халқымыз  ағаштың әр түрлі қасиеттерін жоғары бағалап, адам тұрмыста тұтынатын әр түрлі бұйымдар жасап, «Әкеден мал қалғанша, тал қалсын», «Бабын тап та бақ өсір» деген нақыл сөздерді бекер айтпаған.

№3 тапсырма. Үй тапсырмасы (оқушылар үйде қағаздан жасаған бұйымын көрсетеді, түсіндіреді) 

Ау, халайық, халайық! Бәріңе жар салайық. Сәлем жолдап баршаңызға, Суретшілер кеп тұр бүгін ортаңызға.

IV кезең: 

«Ғажайып сурет, көркем еңбек әлемі» сурет салу

V кезең: 

«Жорға» сайысы. Блиц сұрақтарға топпен тез жауап беру


1.Иық бұйымдарына не жатады?   ( Көйлек, халат, шапан, тон, жейде, камзол.)

2. Ботқаны неден жасайды?     (Жармадан)

3.Дене өлшемін өлшеу үшін не қажет? (өлшеуіш таспасы)

4.Туымыздың авторы кім? (Ш.Ниязбеков)

5.Тігін машинасының астыңғы бөлшегі? (Шөлмек)

6.Жібек мата неден алынады? (Тұт құртынан)

7.Ең көп пайдаланатын асханалық құрал? (Пышақ)

8.Желтоқсан оқиғасы қай жылы болды?(1986)

9.Қалталы аң?   (Кенгуру)

10.Қалыңдықтың бас киімі? (Сәукеле)

11.Тойымды мамандық? (Аспазшы )

12.Қазақстан жер көлемі бойынша нешінші орын алады?(9)

13.Жармалардан жасалған тағам? (Ботқа)

14.Ыстап кептірілген ет? (Сүр ет)

15.Бәрін тойдырады, ал өзі жемейді. (Қасық)


1.Жердің кішірейтілген моделі (Глобус)

2. Елімізде өткізілген ең үлкен халықаралық көрме (ЭКСПО көрмесі)

3. Құрманғазының би күйі (Балбырауын)

4. Ою-өрнектер неше түрге бөлінеді (Геометриялық, Ғарышттық,

Жануар тектес, Өсімдік тектес.)

5. Домбырада – жетеу, сырнайда – алтау, қобызда бесеу. Бұл не? (әріп)

6. Мотоцикл жүргізушісі ауылға келе жатқанда жолдан өзіне қарсы үш жеңіл машина және бір камазды кездестірді. Ауылға неше машина бара жатыр?

 ( Бір ғана мотоцикл)

7. Тірі ағзаға ұқсайтын автомат құрылғы (робот)

8. Электрлі қол құрал (Электрбұрғы, электрқолара, электрсүргі)

9. Зергерлік бұйым (Білезік,  жүзік, сақина)

10. Қуыршақ түрлері (саусақтық, таяқшалы, марионетка)

11. Графиканың көркем құралдары (сызық штрих, дақ)

12. Қазақ суретшілері (Ә. Қастеев,Г. Ысмаилова, Ү. Әжиев, С. Айтбаев )

13. Көлік түрлері (Жерүсті көлігі, су көлігі, әуе көлігі)

14. Түстердің үйлесімі (колорит)

15. Алдын – ала салатын сурет (нобай, эскиз)


  1. Винегрет салатына қосылатын негізгі көкөніс?  (Қызылша)
  2. Қойдың етін неше мүшеге бөледі? (12 мүшеге)
  3. Тігін машинасының неше түрі бар? (Ұш, қол, аяқ, тоқ машинасы)
  4. Қазақстан қанша мемлекетпен шектеледі? (5)
  5. Малдың сүтінен дайындалатын, ұзақ уақыт сақталатын тағам? (Құрт)
  6. Қамырдың барлық түрін әзірлеудің негізгі шикізаты?  (Ұн)
  7. Сүт тағамдарына не жатады? (Сүт, айран, қатық, кілегей, шұбат, қымыз, ірімшік, құрт, шалап.)
  8. Шулық пен қолғаптың резинкасын қандай шалулармен тоқиды? (Оң, теріс).
  9. Елтаңбаның авторлары кім? (Ш.УалихановЖ.Мәлібеков)
  10. Тігін машинасының ең алғашқы жобасын кім ұсынды? (Леонардо да Винчи)
  11. Инені қатты матаға кіргізү үшін не қажет? (Оймақ)
  12. Қолдануына қарай бұйымдар қандай түрге бөлінеді? (Тұрмыстық, күнделікті, салтанатты)
  13. Көкөністерден жасалған тағам? (Салаттар)
  14. Қазақстанның қазіргі конституциясы қашан қабылданды?
  15. (1995 ж. 30 тамыз)


  1. Қолдан тоқылған кілемше-сурет?(Гобелен)
  2. Түксіз кілем?(Палас,алаша)
  3. Тұт көбелегін не үшін өсіреді?(Жібек )
  4. Қазақстанның жер көлемі?(2724)
  5. Ұршықтың қаңғалағы неден жасалады?(Қорғасыннан,тастан,сүйектен)
  6. Саусақтың басына киетін темір қалпақ?(Оймақ)
  7. Шыт матасы неден жасалынады? (Мақтадан)
  8. Қазақстан тәуелсіздігін қай жылы алды?(1991 ж)
  9. Егде жастағы әйелдің бас киімі? (Кимешек)
  10. Биенің сүтінен дайындалатын сусын? (Қымыз)
  11. Қазіргі замандағы машинаның негізін салған американдық инженер? (Исаак Зингер)
  12. Әнұранның авторлары кім?(Сөзі Ж.Нәжімеденов,Н.Назарбаев әні Ш.Қалдаяқов)
  13. Қой терісінен тігілген ер адамның сырт киімі? (Тон)
  14. Жармалардан жасалған тағам? (Ботқа )
  15. Ұлттық валюта теңге қай жылы айналымға енгізілді?(1993ж)


1.Бейнелеу өнері дегеніміз не? (Айналамыздағы өмір көріністерін жазықтықта әрі кеңістікте бейнелеу арқылы суреттейтін өнер түрі)

2. Табиғат көрінісін бейнелейтін шығарма. (Пейзаж)

3. Суға тез еритін бояу. (Акварель)

4. Қарындаш дегеніміз не? (Сырты ағаштан, өзегі графиттен жасалған сурет салу құралы)

5. Аспан мен жердің қиылысатын сызығын не дейміз? (көкжиек сызығы)

6. Өзен, мұхит, көлдерді бейнелейтін жанр қалай аталады? (маринистік)

7. Бейнелеу өнерінің түрлерін ата (кескіндеме, графика, мүсін, сәулет өнері, қолданбалы сәндік өнер)

8. Адам келбетін бейнелейтін жанр қалай аталады? (портрет)

9. Түстер неше түрге бөлінеді және қандай? (2-ге, жылы және суық)

10. Жануарларды бейнелейтін көркем шығарма (анималистік жанр)

11. Қалам, тушьпен салынған өнер не деп аталады? (графика)

12. Натюрморт деген не? (Жансыз заттар бейнеленген көркем шығарма)

13. Технология пәнінде ең жиі қолданылатын материал (ағаш, жүн, киіз) 

14. Сіздің сыныптың бетке ұстар ең мықты, үлгі тұтар оқушысы 

15. Өз мектебіңді сағындың ба ?


VI кезең. 

Жұмбақ шешу.

  1. Полиглот” (жұмбақтын шешімін 3 тілде айту)

«Қабат-қабат қаптама, Ақылың болса, аттама» (Кітап, книга, book )

-«Ауланы күзетеді босағадан» (Ит, собака, Doog)

-«Қалқиып ұзын құлағы, елеңдеп, қорқып тұрады» (Қоян, заяц, rabbit)

-«Бірде табақ, бірде орақ» (Ай, Луна, Moon)


     2. Еңбек құралдарына байланысты жұмбақ.

Тоққа қоссаң зырылдайды,

Бiр бағыттан бұрылмайды.

Жуан жұмыр темiрдi,

Қырнап, жонып кемiрдi,

Өлшеп берсең кеседi,

Керек етсең теседi,

Артық болса қашайды,


Қажет тетiк жасайды.(Станок)

Қарасаң,

Жай зат сияқты күшi кем,

Бiрақ та,

Бұтiндi қақ бөледi тiсiмен.(Ара)


Аяғы үшкiр,

Басы доғал.

Ұрсаң шөгедi,

Ұрмасаң обал.(Шеге)


Қалпақты шымырды,

Төбесiнен ұрады.

Түзетуге қыңырды,

Дәйiм дайын тұрады.(Балға)


Қыздырып соқсаң иленедi,

Балға мен төстен именедi. (Темiр)


Жұқа тақтай бөлшегi,

Ұзындықтың өлшемi.(Сызғыш)


Есіктегі құлыпқа,
 Ұя жасау - өнерім.
 Шаңырақтан уыққа
 Үңгір қазып беремін.(Қашау)
 
 

Кедір - бұдыр тақтайды,
 Тегістейді тілімен.
 Жеген асын татпайды,
 Шығыр желке түбінен.(Сүргі)
 
 

VII кезең

«Өмірдің өзі ән мен күй...»

Музыка пәнінен сайыс. Өнер атаулының ішіндегі қалың көпшілікке ең жақыны музыка болса керек, себебі, ол ана әлдиінен бастап, адамнын бүкіл өмірімен жалғасып жатады. Адамның музыкасыз бірде – бір сәті жоқ. Дүние есігін ашқан сәби тіршілікке деген құлшынысын өзінің іңгәлаумен білдіруге, о дүниелік болған жермен қоштасқан кейінгілер жоқтау арқылы зарын сыртқа шығарады. Музыкада адамның асқақ, асыл ойларын, арман – мақсаттарын, ізгі тілектерін, қуанышын, қайғы – қасіреті мен түрлі сезім иірімдері бейнелейтінін жақсы білеміз.


Осымен «Өнерлі ұрпақ – кемел болашақ» өнер сайысы өз мәресіне жетті. Келесі сөз қазылар алқасына береміз.


Қорытынды:  Олай болса, қазақтың ән өнері, қолөнері, зергерлік өнері өзінің төлтума бітім қасиетімен, көркемдік мән-мағынасымен шын мәніндегі халқымыздың ғасырлар тағылымынан өткен асыл қазынасы. Осы асыл қазынаны жоғалтпай, әрі қарай дамыту біздің болашақ жастарымыздың міндеті. «Бүгінгі кәсібің – ертеңгі нәсібің» - деп бекер айтылмаған. Ел арасында сиреп бара жатқан қолөнер шеберлерінің туындыларын, көне мұраларын тауып, оны түрлендіріп жаңғырту және ұлттық қолөнер арқылы эстетикалық тәрбие берудің бірден-бір құрамына айналдыру біздердің парызымыз.





2021 – 2022 оқу жылының 25 ақпан күні Әл – Фараби атындағы №145 жалпы білім беретін мектепте эстетикалық – техникалық пән бірлестігінің онкүндігі аясында 5 және 6 сынып оқушыларымен өткізілген «Өнерлі ұрпақ – кемел болашақ»  атты өнер сайысының

№ 2 хаттамасы

Қатысқан мұғалімдер:

Койбагарова С.С. – директордың оқу – ісі жөніндегі орынбасары

Канатбаева С. К. – көркем еңбек пәнінің мұғалімі

Ибраимова Г. И. – көркем еңбек пәнінің мұғалімі

Муканов А. А. – дене шынықтыру пәнінің мұғалімі

Алмабеков Е. Т. – дене шынықтыру пәнінің мұғалімі


Күн тәртібінде:

  1. 5 «Ә», 6 «А», 6 «Б», 6 «В» сынып оқушыларына көркем еңбек пәнінен өткізілген «Өнерлі ұрпақ – кемел болашақ»  атты өнер сайысының талдауы.


«Өнерлі ұрпақ – кемел болашақ»  атты өнер сайысының талдау жиналысының төрағасы директордың оқу – ісі жөніндегі орынбасары С.С. Койбагарова сөз сөйлеп, сайысты өткізген екі мұғалімге сөз берді. 


Тыңдалды: 

Нургалиева С. Б.

5 «Ә», 6 «А», 6 «Б», 6 «В» сынып оқушыларына өткізілген «Өнерлі ұрпақ – кемел болашақ» атты өнер сайысының негізгі мақсаты – оқушыларды қазақ халқының қолөнер үлгілерімен таныстыра отырып, халық өнерін қастерлеуге, үлгі тұтуға үйрету. Оқушыларды әсемдікті тани білуге баули отырып, эстетикалық ой өрісін дамыту, адамгершілікке тәрбиелеу. Көркем еңбек пәнінен алған білімдерін дамыту, шығармашылыққа баулу, өз ойын еркін жеткізе білу дағдыларын қалыптастыру және сурет салу барысында шығармашылық қабілеттерін шыңдау. Сабақта оқушылар өз білімдері мен өнерлерін көрсете білді, теориялық сұрақтарға жауап беру арқылы өз ойларын барынша жеткізді. Күтілетін нәтижеге қол жеткізілді, оған себеп -  тәжірибелік бөлімде оқушылардың шығармашылық жұмыстарының уақытында аяқталғаны. 5 «Ә» сыныбы тапсырманы аппликация техникасында орындап шықты. 6 «А» сыныбы өрнекті пайдалана отырып, кескіндеме өнердегі «символизм» тәсілін қолданды. 6 «Б» сынып оқушылары натюрморт жанрын жылы түстер арқылы көрсете білді. 6 «В» сыныбы трафарет арқылы қағазға түсірілген эскиздерін кескіндеме жанрында бейнелеп шығарды. Нәтижесінде қазақ халқының колөнер үлгілерін негізге ала отырып, оқушылар сабақта тәжірибелік жұмыс арқылы бірнеше жанр мен көркем еңбектің әдіс – тәсілдерін көрсете білді. Сонымен қоса теориялық негіздер де қамтылды. Меніңше сыныптан тыс іс – шара мақсатына жетті, оған себеп – оқушылардың жауабы мен жасалынған тәжірибелік жұмыстары.

Бисенгалиев Б.Г.

Әрине, басты мақсат – осындай іс-шара арқылы оқушыларға бейнелеу өнерінің қыр-сырын жан-жақты үйрету, олардың дүниетанымын, эстетикалық талғамын кеңейту. Сурет салу дағдысын, логикалық ойлау, еске түсіру, елестету қабілеттерін және шығармашылығын арттыру. Сабаққа келетін болсақ, оқушылардың әрекетінен сабаққа деген қызығушылық пен белсенділікті байқадым. Блум таксономиясының ең төменгі деңгейі оқу, түсіну қолданудан гөрі, мен бүгінгі сабақтан жоғары ойлау деңгейін байқадым, балалар ұлттық классикалық өнерге сүйене отырып, талдау мен  бағалауды, сонымен қоса жоғары шығармашылық жұмысты көрдім. Себебі олар өз ойларынан туындаған идеяларын іске асырып, өрнекке трансформация жасай білді. Сабақтың жоспарланған мақсаты орындалды, күтілетін нәтижеге жеттік.


Койбагарова С.С. – директордың оқу – ісі жөніндегі орынбасары:

Оқушылар ұйымшылдықпен келіп, сабақ барысында белсенділік танытты. Теориялық бөлімде зергерлік өнер және өрнек түрлері жөнінде өз білімдерін көрсете білді. Практикалық кезеңінде түрлі техникада жасалған жұмыс арқылы оқушылардың сурет салу дағдысы өз деңгейінде екені байқалды.  

Қауіпсіздік техникасы уақытында айтылды. Оқушылар сабаққа дайындықпен келіп, жоғары жауапкершілік танытты. Сыныптан тыс іс – шара оқу мақсатына жетті. Оқушылар өз жұмыстарына талдау, талқылау жасап, күшті және әлсіз тұстарын атап шықты. Қателікті мойындаудың өзі де жетістік. Кеткен қателеріне келешекте жұмыс барысында коррекция жасау және топтық жұмыста бір біріне қолдау көрсету керектігін мәлімдеді. 


Канатбаева С. К. – көркем еңбек пәнінің мұғалімі:

Онлайн форматта отырған оқушылар офлайн сабағын әбден сағынған екен. Оған себеп – сабақтағы оқушылардың жоғары қызығушылығы мен белсенділігі. Топтық жұмыста оқушылардың бір – біріне деген құрмет пен сыйластықты байқадым. Сабақ күтілетін нәтижеге жетті. 


Ибраимова Г. И. – көркем еңбек пәнінің мұғалімі:

Оқушылар құрал – жабдықтармен келіп, жоғары дайындықтарын көрсетті. Жұмыс барысында саусақтарының моторикасы жақсы дамығанын сурет салу дағдысынан көрінді. Топтық жұмыс өте тиімді болды, себебі суретке әлсіз оқушылар топтағы белсенді, сурет салу дағдысы қалыптасқан жолдастарының жанында өздерін сенімді сезілгені де байқалды. Сабақ оқу мақсатына жетті.      



Осы беттің QR-коды:
QR-код этой страницы:

Прокомментировать
  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Введите код с картинки:* Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив